KZ | RU | EN
050000. Алматы, Гоголь көшесі 37
Тел.: 8 (727) 382 4281, info@kazrestavration.kz

БОТАЙ ҚОНЫСЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАЙТА ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

01/11/2026 | 1
БОТАЙ ҚОНЫСЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАЙТА ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

«Қазқайтажаңарту» РМК Батыс Қазақстан филиалы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында орналасқан Ботай қонысындағы ғылыми реставрация жұмыстарын аяқтады. Жоба энеолит дәуіріне жататын көне қоныстың тұрғын үйлерін қайта тұрғызып, тарихи нысанның ерекшеліктерін таныстыруға бағытталған.


Ботай қонысы б.з.д. IV–III мыңжылдықтарға жатады. Оны 1980 жылы археолог Виктор Зайберт ашқан. Археологиялық зерттеулер барысында қоныс аумағынан 109 тұрғын үй орны тіркеліп, 76 тұрғын және шаруашылық құрылыс зерттелген. Қазба жұмыстары нәтижесінде көне тұрғын үйлердің жоспарлануы мен құрылымдық ерекшеліктері анықталған.


Реставрация жұмыстары барысында қоныс аумағындағы №1 тұрғын үйдің іргетасы құйылып, ағаш қабырғалары қайта тұрғызылды. Іргетасына гидрооқшаулау жүргізіліп, еденіне цемент қабаты төселді. Ал шатыр құрылымы дәстүрлі құрылыс тәсілдеріне сүйене отырып қайта жасалды.

Сонымен қатар дромос деп аталатын кіреберіс дәліздің іргетасы құйылып, ағаш қаңқасы мен шатыр конструкциялары қайта жасалды. Дәліздің ішкі бөлігі ылғалдан қорғайтын қабатпен қапталып, едені сазбалшықпен қалпына келтірілді.

Тұрғын үйлерді өзара жалғап тұрған дромос та қайта тұрғызылып, оның құрылымдары геокаркас пен анкерлік қосылыстар арқылы қосымша күшейтілді. Бұдан бөлек, қоныстың негізгі кіреберіс есігі қалпына келтірілді.

Жұмыстың басты мақсаты – энеолит дәуіріне жататын тұрғын үй құрылымын қайта тұрғызу арқылы келушілерге өткен кезеңнің тұрмысын анық көрсету.

«Қазқайтажаңарту» РМК қалпына келтіру жұмыстарын ғылыми негізде реставрация саласының негізгі қағидаттарын басшылыққа ала отырып жүргізді.