«ҚАЗҚАЙТАЖАҢАРТУ» ШЖҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 1972 жылдың 29 наурызда құрылған. Кейіннен ұйым «Қазқайтажаңарту» тресі болып қайта ұйымдастырылды.
1978-1989 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде трестің құрамына кірген, қуатты өндірістік базалары, құрылыс техникасы, жабдықтары мен механизмдері бар 22 реставрациялық шеберхана ашылды. Нәтижесінде Қазақстандағы тарихи ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тұтас ғылыми реставрация жүйесі қалыптасты.
Алайда 1994-1996 жылдары кәсіпорын елдің тарихи-мәдени мұрасы мен реставрациялық ұйымдары үшін ең ауыр кезеңдердің бастан өткерді. Сол тұста 21 реставрациялық шеберхана жергілікті атқарушы органдардың қарауына беріліп, кейін олардың басым бөлігі жекешелендірілді. Тек бір ғана ұйым – Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қарамағында қалған Республикалық жөндеу-құрылыс және реставрация басқармасы сақталып қалды. Кейіннен бұл ұйым «Қазқайтажаңарту» РМК болып қайта құрылды. 1997 жылдан бастап мемлекеттің қолдауының арқасында кәсіпорын тұрақты түрде дамып келеді.
Кәсіпорын ғылыми-зерттеу жұмыстарында, ескерткіштерді жобалау және практикалық реставрациялау саласында мол тәжірибе жинақтап, жұмысшы-реставратор мен жобалаушы-сәулетші, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы өзге де мамандарды оқытып даярлады.
Кәсіпорынның негізгі қызмет бағыттары – тарих және мәдениет ескерткіштерін жөндеу, реставрациялау, консервациялау, регенерациялау; ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу; ескерткіштерді «Жібек жолы» сериялық номинациясына енгізу үшін ғылыми құжаттама дайындау; ескерткіштерді басқару бойынша менеджмент-жоспарлар әзірлеу; қорғау аймақтарының жобаларын жасау; Ескерткіштер жинақтарын дайындау; жобалау және сметалық құжаттама әзірлеу; Қазақстан Республикасында және шетелде монументалды ескерткіштер орнату. Кәсіпорын қызметінің аса маңызды бағыттарының бірі ретінде 2004–2013 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асырды.
«Қазқайтажаңарту» РМK құрамында Түркістан, Тараз, Қызылорда, Орал қалаларында мамандандырылған облыстық филиалға, сондай-ақ Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу және жобалау филиалдары бар.
Кәсіпорын 1972 жылдан бастап Қазақстан Республикасы бойынша 400-ден астам ескерткішке ғылыми реставрация жасап сақтап қалды. Тарихи және мәдени ескерткіштерін реставрациялау жұмыстары Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Мысыр, Сирия және Моңғолия елдерінде де жүргізілді. Бұдан бөлек, Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласында орналасқан ұлы қазақ жазушысы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткішті орнатты.
Сонымен қатар, Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына орай «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында Шығыс моншасы, XIX ғасыр мешіті, Халуат, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі және басқа да 20 ескерткішке ғылыми реставрация жасады.
Ал көне Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына орай «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында Айша бибі, Қарахан, Шамансұр, Бабаджа Хатун кесенелері қатарлы 10 шақты нысанды пайдалануға берді.
«Қазқайтажаңарту» РМK 50 жылдық тарихында Қазақстан аумағында көптеген нысандарға ғылыми реставрация жұмыстары жүргізілді; Арыстан баб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелері, Абай–Шәкәрім кешені, Аққойлы мешіт-медресесі, Тұрбат сәулеттік-ғұрыптық кешені, Айша бибі және Бабаджа Хатун кесенелері, Ақыртас сарай кешені, Қарахан кесенесі, Ақтас мешіті, Айқожа кесенесі, Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі, Шақпақ ата жерасты жартас мешіті, Қараман ата некрополі, Шопан ата көпкамералы жерасты мешіті, Бекет ата жартас мешіті, Сараман Қоса мұнарасы, Асан ата, Абат Байтақ және Шоқай Датқа кесенелері, Үш-Арал мешіт-медресесі, Жаркент мешіті және басқа да нысандары бар.
Алматы қаласы бойынша кәсіпорын 15-тен астам нысанды реставрациялады. Атап айтқанда: Офицерлер жиналысы үйі, Асфендияров үйі, Верный гимназиясы, Баум үйі, кафедралды собор, «Қызыл таң» мата үйі ғимараты және басқа да нысандар.