ОТЫРАР ҚАЛАШЫҒЫНА РЕСТАВРАЦИЯ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР
«Қазқайтажаңарту» РМК Түркістан облысы, Отырар ауданында орналасқан Отырар қалашығында ғылыми реставрациялық жұмыстар жүргізіп жатыр.

Алдымен Отырардың кіреберісіндегі жолдың жиегі 3 қабатты сылақпен қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар ежелгі ошақтың орнындағы зақымданған кірпіштері ауыстырылып, үгітілген сылақ қабаттарына реставрация жасалды.
Отырар аумағындағы тұрғын үй қабырғаларының жарылған тұстары мен зақымданған бөліктері көне құрылыс технологияларымен қалпына келтірілді. Ал қалашықты айнала қазылған ордың жауын-шашын салдарынан үгітіліп кетпеуі үшін беті толықтай сабан аралас сылақпен сыланып, қорғаныш қабаты күшейтілді.

Отырар қалашығындағы ғылыми реставрациялық жұмыстар әлі де жалғасуда. Нысан аумағындағы жұмыстар тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау стандарттарына сай жасалып жатыр. «Қазқайтажаңарту» РМК қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтайды.