KZ | RU | EN
050000. Алматы, Гоголь көшесі 37
Тел.: 8 (727) 382 4281, info@kazrestavration.kz

ФИЛЛИПОВ ҮЙІНЕ РЕСТАВРАЦИЯ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

27/08/2026 | 51
ФИЛЛИПОВ ҮЙІНЕ РЕСТАВРАЦИЯ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

Алматы қаласында орналасқан көпес Николай Филлиповтың үйіне ғылыми реставрация жасап жатыр. 1901 жылы салынған нысанға «Қазқайтажаңарту» РМК қалпына келтіру жұмыстары үйдің тарихи-сәулеттік келбетін сақтай отырып жүргізілуде.

Жұмыс барысында ғимараттың қасбеттеріндегі бүлінген және ажыраған сылақ алынып, беттері қайта сыланады. Қазіргі уақытта ағаш карниздер, маңдайшалар мұқият тазаланып, зақымданған бөліктері қалпына келтіріліп жатыр. Ал үйде орнатылған 46 терезе өңдеуден өтуде. Өңделгеннен кейін ағаш элементтеріне қорғаныш қызметін атқаратын лак жағылады.


Алдағы уақытта үйдің шатыры қалпына келтіріледі. Жарамсыз металл жабыны алынып, ағаш құрылымының зақымданған тұстары ауыстырылады. Су өтпеуі үшін, гидрооқшаулау қабаты төселіп, суағарлар орнатылады.

Жерасты қабатының металл жиектері жаңартылып, кіреберістегі тарихи баспалдақ пен қалқан шатыры да реставрацияланады. Мұнда сәндік металлдары сырланып, ағаш элементтердің қорғаныш жабыны жаңартылады.


Аумағы 301 шаршы метрді құрайтын ғимараттың ішкі қабырғалары мен төбелерінің ескі қабаттары алынды. Енді қайтадан сырланады. Есіктері жөнделіп, қажет тұстары ауыстырылады. Сонымен қатар еден жабыны жаңартылып, электр желісі мен жылу жүйесі толық ретке келтіріледі.

Филлипов үйіндегі ғылыми реставрациялық жұмыстар жоспарлы түрде жасалып жатыр. «Қазқайтажаңарту» РМК қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтайды.