СЫҒАНАҚ ҚАЛАШЫҒЫ МЕН БАҚАТАМ КЕСЕНЕСІНДЕ РЕСТАВРАЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Ғылыми реставрацияны «Қазқайтажаңарту» РМК Қызылорда облыстық филиалы жүргізіп жатыр. Қайта қалпына келтіру жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда, деп хабарлайды «Қазқайтажаңарту» РМК.
Көне Сығанақ қалашығында қалашық қақпасына апаратын жол дайындалып, топырақтан төсеніш қабаты салынды. Сонымен қатар, қалашыққа кіреберіс жолға ескі үлгідегі кірпіштер қайта төселіп, кірпіш қиюлары арнайы ерітіндімен бекітілді.
Бұдан бөлек, қалашықтың мұнара қабырғаларындағы зақымданған кірпіштер қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ саз ерітіндісін пайдалану арқылы қабырғалардың кірпіш қалау жұмыстары нығайтылып, реставрация жүргізілді.
Ал Бақатам кесенесінде реставрация жұмыстары барысында қабырғалардың ескі сылақ қабаттары толық тазартылды. Нысанды ылғалдың әсерінен қорғау үшін рубероидтан гидрооқшаулағыш қабат төселіп, оның үстіне цемент-құмды тұтастырғыш қабат жасалды. Сонымен қатар, кесененің ішкі қабырғалары қайта сыланып, құлпытастары қалпына келтірілді. Қабырғаға қаланған кірпіштердің бүлінген тұстары жөнделіп, кесененің ішкі едені жаңартылды. Сондай-ақ кесене аумағындағы қоршаулар жөндеуден өткізіліп, майлы бояумен сырланды.
«Қазқайтажаңарту» РМК тарихи ескерткіштерді сақтау және қалпына келтіру жұмыстарын өңірлердегі филиалдары арқылы жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінде реставрациялық жұмыстар бірнеше нысанда қатар жүргізіліп жатыр.