ЖАРКЕНТ МЕШІТІНДЕ РЕСТАВРАЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
«Қазқайтажаңарту» РМК Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Жаркент мешітіне ғылыми реставрация жүргізуде. Реставрация жұмыстары барысында ескерткіштің сәулеттік құрылымы мен тарихи келбеті сақталады.

Бүгінде мешіттің өңі кеткен шатырлары тазартылып, реставрация тәсілімен беткі қабаты өңделді. Сонымен қатар, бояу астына арнайы қоспа жағылып, шатырлары түгелдей қанық жасыл түспен сырланды. Бұдан бөлек, мешіт мұнарасы мен айваны, кіреберіс порталдың мұнарасы, жанама қақпалары қайта жаңғыртылып, құстан қорғайтын қорғаныш торлары ауыстырылды.

Сондай-ақ, мешіттің сыртқы 52 ағаш тіреу бағанын реставрациялау, қасбетінің кірпіш сылақтарын қалпына келтіру, жақтауларындағы өшкіндеген кескіндерді қайта жаңғырту, нысанның ағашқа бедерленген өрнектерін жуып тазарту жұмыстары жасалады. Сонымен қатар, кіреберіс порталдың сыртқы кірпіш беттерін қайта өңдеу, мүк басқан күмебезін арнайы ертіндімен тазалау, ескерткіш аумағындағы қоршауларды қалпына келтіру және сырлау жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан бөлек, мешіт аумағын абаттандыру аясында жаяу жүргінші жолдарына құм төселіп, тақтатас (плиткалар) жатқызылады. «Қазқайтажаңарту» РМК Жаркент мешітіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды бекітілген жоспарға сәйкес белгіленген мерзімде аяқтайды.

Сонымен қатар, кәсіпорын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жаркенттегі бірегей ескерткішті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.