КҮМБЕЗ СТАЛАКТИТТЕРІН ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ МАКЕТТЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Қ.А.Яссауи кесенесі күмбезінің сталактиттерін зерттеу және оның макетін дәлдікпен жасау жұмыстары жүргізілді. Бұл тарихи ескерткіштің күмбезіне реставрация жасаудың қауіпсіз әрі ұтымды әдістемесін қалыптастырады.
«Қазқайтажаңарту» РМК жүргізген зерттеу мен макеттеудің мақсаты – күмбездің ішкі құрамдас бөлігі мен сталактиттерін құрылымдық деградацияға ұшырау қаупінен сақтау. Сонымен қатар, макеттеу жұмысы көпшілікке орта ғасырлық сәулетшілер мен шеберлердің инженерлік тапқырлығын, қолданған ою-өрнектері мен кеңістіктегі көркемдік шешімдерді тереңірек таныстыруда қолданылады.
Сондай-ақ, күмбездің кеңістігіндегі мыңдаған тіреу ағаштарының жағдайы жеке-жеке бағаланып, құрылымдық тұрақтылыққа әсері талдануда. Бұл іс-шара бөренелердің физикалық және биологиялық қасиеттерін жеке-жеке талдап, алынған деректерді терең зерделеуге жол ашты.